• Kazakh
  • Russian
  • English
Ұрпақтың ұраны - Махамбет

Ғасырлар бойы дана халқымыз ұрпағын ізгілікке, өз елін сүюге, Отанын сүюге баулып келеді. Бұл берік қалыптасқан дәстүрді ұлттық тәрбиенің өзегі, діңгегі десе де болады. «Атаның ұлы болма, адамның ұлы бол» дей келіп, адамның ұлы болу үшін кісіге «нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек» керектігін ұлы Абай да кейінгі ұрпаққа өсиет етіп кетті. Жауынгерлік рухтағы өршіл жырлардың інжу-маржанын ұрпағына мұра еткен Махамбет – ерлік пен намыстың ақыны.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Махамбет ерлік пен елдік идеясын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп қана қоймай, ұлттық рухтың қуатын, қайыспайтын қара нардай қайратын, мұқалмайтын алдаспандай сенім мен жігерін мәңгілікке сөзімен де, ісімен де өрнекті тұрғыда қалдырған ақиық Ақын»- деген болатын. Махамбет – сан ғасырлар бойғы тәуелсіздікке ұмтылған бабалар рухының нақты көрінісі. Ұлт азаттығы үшін күрескер тарихи тұлға ретінде біздің Тәуелсіздігіміздің бастау көздерінің бірі ретінде саналады, өзінің отты, жалынды өлеңдері арқылы бар өмірін туған халқының мұңын жоқтауға арнаған ардақты ақын.
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде ұлт ардақтысы,  ұлттық патриотизмнің символы, өжет, өр мінезді ақын Махамбет Өтемісұлының 210 жылдығына арналған дәстүрлі «V Махамбет оқулары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылған болатын. Осыған орай жас ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы – Отанға деген сүйіспеншілік, бойындағы күш-қуаты мен білімін Отан игілігі мен мүддесі үшін жұмсауға бағыттау, атадан балаға мирас болып көздің қарашығындай сақтап келген осынау байтақ туған жерді сақтау, елінің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын сыйлау, ана тіліне деген сый-құрмет, тағы басқа құндылықтарды жас ұрпақ бойына дарыту мақсатында М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың ғылыми кітапханасы үлкен көлемде кітап көрмесін ұйымдастырды.