Базы данных








 

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті Ғылыми кітапханасын пайдалану
ЕРЕЖЕСІ

1. Жалпы ережелер

1.1. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің (әрі қарай БҚМУ) ғылыми кітапханасын пайдалану ережесі «Қазақстан Республикасы жоғары кәсіби білім беру мекемелері кітапханасының типтік ережесіне» (ҚР Білім және ғылым министрлігінің 17.08.2000 жылғы №827 бұйрығы) сәйкес әзірленген;
1.2. М.Өтемісов атындағы БҚМУ ғылыми кітапханасы – университеттің оқыту-тәрбиелеу үрдісін, ғылыми-педагогикалық қызметін, сондай-ақ әкімшілік-шаруашылық жұмысын библиографиялық-ақпаратпен және әдебиеттермен қамтамасыз ететін мекеме;
1.3. Университет кітапханасы – өз оқырмандарына қызмет көрсетуде, кітап қорын пайдалануда олардың мамандығы мен білім деңгейіне, жынысына, ұлтына, саяси пікірлеріне, т.б. шектеу қойылмайды;
1.4 Кітапхана қоры университет қарамағындағы, сол арқылы мемлекеттік қорғауға алынған Қазақстан Республикасының меншігі болып табылады;
1.5. Ереже оқырманның кітапханамен арақатынасын реттейтін құжат және оқырмандарға қызмет көрсетуді ұйымдастырудың, кітап қорын пайдаланудың жалпы тәртібін, кітапхана мен оқырмандардың құқығы мен міндеттерін реттейді;
1.6. Кітапхананы пайдалану тегін. Кітапханадағы ақылы қызмет көрсетудің кейбір түрлерінің (көшіріп алу; сканерлеу; ББК/УДК бойынша диссертациялар, авторефераттар мен мақалаларды жіктеу) төлем ақыларының мөлшері заңды түрде белгіленеді.

2. Негізгі міндеттері

2.1. Университетке қазылық төрелік қабылдай алатын, заманауи басқарушылық, ұйымдастырушылық жұмыстарын меңгерген, экономикалық тұрғыдан ойлай алатын, өз саласына қатысты жаңа технологияларды меңгерген, оқу орнының қоғамдық өміріне белсенді араласатын жоғары білікті маман даярлауға көмек көрсету;
2.2. Университеттің профилі бойынша қажетті оқулықтар мен оқу-әдістемелік, ғылыми басылымдарды жинақтау, сақтау, оқырмандарға рухани байлық болар әдебиеттерді насихаттау.

3. Пайдаланудың жалпы ережелері

3.1. Кітапхананы пайдалану құқығы университеттің студенттеріне, аспиранттары мен магистранттарына, профессорлық-оқытушылық құрамына, ғылыми қызметкерлеріне беріледі.
3.2. Оқырмандар кітапханадан үйге уақытша қолдануға кітаптар, басқа да түрлі материалдар алуға, сондай-ақ белгіленген талапқа сәйкес жекелеген материалдарға тапсырыс беруге, олардың көшірмесін жасауға; библиографиялық, анықтама-ақпараттық және кітапхана көрсететін басқа да қызмет түрлерін пайдалануға; кітапхана ұсынатын техникалық құралдарды қолдануға құқылы;
3.3. Әдебиеттерді үйге беру абонементте жүзеге асады. Кітаптың соңғы немесе жалғыз данасы үйге берілмейді.

4. Оқырманның кітапханаға жазылуы

4.1.  І-курс студенттеріне қыркүйекте оқырман билеттері беріледі, оқырман формуляры мен тіркеу карточкасы толтырылады;
4.2. Университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы, ғылыми қызметкерлер, жұмыскерлер, аспиранттар, магистранттар және т.б. жеке куәліктері (немесе оның орнына жүретін басқа құжат) мен жұмыс орнының анықтамасын ұсынады;
4.3.  Кітапханаға жазылар кезде оқырман кітапхананы пайдалану ережесімен танысып, оларды орындауға міндетіне алатынын растап, оқырман формулярына қол қояды;
4.4.  Жыл сайын кітапхана өз оқырмандарын қайта тіркеуден өткізеді, оларға кітапхана белгілеген мерзімге берілген кітаптардың уақытын созады. Қайта тіркеуден өтпеген оқырмандарға кітапхана қызмет көрсетпейді;
4.5. Университеттен шығып кеткен кезде оқырман қолындағы барлық басылымдарды кітапханаға қайтарады;
4.6  Кітапты, басқа да басылымдарды алар кезде оқырман оны мұқият қарап шығып, ақаулары бар болса, кезекші кітапханашыны хабардар етеді, олай болмаған жағдайда кемшіліктің орнын кітапты соңғы пайдаланған оқырман толтырады;
4.7. Пайдалану ережесін бұзған немесе кітапханаға зиян келтірген оқырмандар қолданыстағы заңнамамен, университеттің Жарғысымен және кітапхананы пайдалану ережесімен белгіленген формада әкімшілік, материалдық немесе қылмыстық жауапқа тартылады;
4.8. Басылымға зиян келтірген немесе жоғалтқан оқырман оны дәл осындай басылыммен не оның көшірмесімен немесе кітапхана соған тең деп тапқан басқа да басылыммен ауыстырады, ал ауыстыра алмаған жағдайда басылымның нарықтық құнын төлейді. Жоғалған немесе бүлінген кітаптардың орнын толтыру мерзімі кітапхана директорымен белгіленеді.

5. Абонементті пайдалану ережесі

5.1. Абонементті қолдану құқығы университетте оқитын, жұмыс істейтін студенттер мен қызметкерлерге беріледі;
5.2. Кітаптар және басқа да құжаттар осы абонементте оқырман формулярының негізінде беріледі;
5.3.  Абонементтегі кітаптар үйге келесі мерзімдерге беріледі:
5.3.1.  Оқулықтар және оқу-әдістемелік әдебиеттер бір оқу семестріне беріледі, қажет деп тапқан жағдайда оқу жылының аяғына дейін мерзімді ұзартуға болады;
5.3.2.   Ғылыми әдебиеттер  5-7 кітаптан 1 айға беріледі;
5.3.3.   Көркем әдебиеттер 3-5 кітаптан 1 айға беріледі;
5.4.  Кітапты пайдалану уақыты егер оған басқа оқырмандар тарапынан сұраныс болмаса, ұзартылады, ал егер керісінше, кітап сұранысқа ие болса, уақыты қысқартылады, оқырман белгіленген мерзімнен кешіктіргені үшін уақытша кітапхананы пайдалану құқынан айырылады.
5.5. Әр алынған кітапқа оқырман кітап формулярын толтырады: аты-жөнін, мамандығын, тобын, айы-күні, жылы.

6. Оқу залдарын пайдалану ережесі

6.1.  Оқырмандар оқу залдарының, анықтамалық-библиографиялық бөлімнің, мерзімдік басылымдар бөлімінің, электрондық оқулықтар залының қызметін пайдалануға құқылы;
6.2.  Оқу залында әдебиеттерді пайдалану үшін студенттер мен қызметкерлер кітапханашыға оқырман билетін ұсынады;
6.3.  Сирек кітаптар, диссертациялардың авторефераттары, диссертациялар, ҒЗЖ бойынша есептер тек сол бөлім ішіне ғана беріледі;
6.4. Диссертациялармен, ҒЗЖ бойынша есептермен, қызметтік кітаптармен жұмыс істеу үшін ғылыми жұмыстар жөніндегі проректордың жұмыс мақсаты көрсетілген қолдау хаты талап етіледі;
6.5. Диссертациялар көшірмеге берілмейді, кіріспе, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттерін және 5 бетке дейін ғана көшіріп жазуға рұқсат етіледі;
6.6.  Оқырмандар кітапханашының рұқсатымен ғана кітаптар мен мерзімдік басылымдарды оқу залынан алып шыға алады;
6.7. Оқу залындағы анықтамалар мен энциклопедиялар және құнды басылымдар көшірмеге берілмейді.
6.8.   Электрондық каталогты пайдаланғанда қажетті әдебиеттердің тізімін принтерден шығарып алуға болады, ал флэшка, дискет, CD, DVD қолдануға рұқсат етілмейді.

7. Оқырман құқығы

7.1  Кітапхананың барлық оқырмандары өзінің қызығушылығы мен талабына орай кітапхана бөлімдерін таңдауға құқылы;
7.2  Оқырмандар  мемлекеттік ана тілінде, орыс және шет тілінде қызмет көрсетуді талап етуге құқылы;
7.3    Кітапхана оқырманы төмендегі қызметтерді пайдалануға құқылы:
7.3.1  Кітапханада кез келген мәселе бойынша басылымдардың қоры туралы мәлімет алуға;
7.3.2  Каталогтар, картотекалар мен оларды қолдану ережесі туралы ақпарат алуға;
7.3.3  Кітапхана қорынан басылымдарды уақытша қолдануға алуға;
7.3.4 Библиографиялық, анықтама-ақпараттық қызмет көрсетуді, дәстүрлі және электронды іздеу аппараттарын қолдануға;
7.3.5  Кітапхана қорына түскен жаңа басылымдар көрмесімен танысуға;
7.3.6 Ғылыми жұмыстар жөніндегі проректордың рұқсатымен арнайы әдебиеттермен (қызмет бабындағы әдебиеттермен, диссертациямен) жұмыс істеуге;
7.3.7 Құжаттардың электронды үлгісін залда отырып пайдалана алады, электронды оқулықтар үйге берілмейді.

8. Оқырмандардың міндеттері мен жауапкершіліктері

8.1. Кітапхана оқырмандары кітапхананы пайдалану ережесін сақтауға міндетті;
8.2. Кітапхана қорынан алынған құжаттарға мұқият қарау, оларды белгіленген уақытта қайтару; кітап қорындағы басылымдарды кітапханашының рұқсатынсыз оқу залынан, анықтама-ақпараттық бөлімнен, электрондық оқулықтар бөлімінен шығармау, кітапқа ешқандай белгілер, сызулар түсірмеу, кітап беттерін бүктемеу, каталогтан кәртішкелерді шығармауға міндетті;
8.3. Кітапхана бөлімдерінен әдебиеттерді алу үшін оқырман билетін ұсынуы тиіс, абонементтерде әр басылым үшін кітап формулярына оқырманның аты-жөні, алған мерзімі мен тобы  жазылады;
8.4. Құжаттарды алу кезінде оқырман оларды мұқият қарап шығып, ақауы болса, кітапханашыны хабардар етуі қажет, ал кітапханашы оған сәйкесінше белгілер қояды;
8.5. Кітапхананы пайдалану ережесін бұзған, оған зиян келтірген жағдайда оқырман құқығынан айрылады немесе қолданыстағы заңнамаға сәйкес материалдық жауапқа тартылады;
8.6. Басылымға зиян келтірген немесе жоғалтқан оқырман оны дәл осындай басылыммен не оның көшірмесімен немесе кітапхана соған тең деп тапқан 2-3 басылыммен ауыстырады.
8.7. Кітапхананы пайдалану Ережесін бұзған оқырман кітапхана кеңесі белгілеген уақытқа оны пайдалану құқығынан айрылады. Ол құқықтан айыру мерзімі әр құқық бұзушылыққа жеке белгіленеді, алайда ол мерзім жарты жылдан аспауы керек;
8.8. Жыл сайын оқырман абонементте, оқу залында қайта тіркелуден өтуі керек. Қайта тіркелмеген оқырманға қызмет көрсетілмейді. Қайта тіркелу кезінде оқырман қарызын өтеп, қолындағы әдебиеттерді де қайта тіркейді. Қарыз оқырмандар қарыздарын өтегенше кітапхана қызметін пайдалана алмайды. Және оқырманның мәселесін қарау жөніндегі материалдарды факультет деканына немесе жұмыс орнына жіберуге құқылы;
8.9  Оқырман кітапхана залдарында тәртіп пен тыныштық сақтауы және ішкі тәртіп ережелеріне бағынуы керек;
8.10  Оқырманға рұқсат етілмейді:
8.10.1  Кітапханаға сыртқы киіммен кіруге;
8.10.2  Кітапхана бөлімдерінде тыныштық пен тәртіпті бұзуға;
8.10.3  Кітапхана бөлімдерінде ұялы телефон қолдануға;
8.10.4  Кітапханадан қызметкердің тексеруінен өтпеген, өздері қол қоймаған басылымдарды алып шығуға;
8.10.5  Кітапхана басылымдарына (оларға белгі салуға, парақтарын жыртуға, жиектерін бүгуге т.б.) зиян келтіруге;
8.10.6  Картотекалар мен каталогтардан кәртішкелерді шығарып алуға, белгі соғуға,
8.10.7 Қызмет орындары мен кітап сақтау орындарына рұқсатсыз кіруге;
8.10.8  Оқу залына жеке және кітапхана кітаптарымен, газет – журналдармен, баспа туындыларының кесінділерімен, басқа да баспа материалдарымен кіруге рұқсат етілмейді. Сондай-ақ кескіш саймандармен, желім, портфель, көлемі 30х25 см үлкен емес сөмкемен, қалың полиэтиленді пакетпен, жүк және тамақпен кіруге болмайды;
8.10.10  Оқырман билетін басқа оқырманнан беріп жіберуіне және басқа оқырманның билетін пайдалануына тыйым салынады.
8.11  Кітапханадағы мебельдер мен техникалық құрал жабдықтарға ұқыптылықпен қарауға, аудиовизуалдық материалдар мен ақпараттық дәстүрлі және электронды таратқыштарды игеруге техникалық талаптарды сақтауға міндетті

9. Кітапхана құқықтары

9.1 Кітапхана университеттің кітапхана туралы Ережесі мен кітапхананы пайдалану ережесіне сәйкес оқырманға қызмет көрсетеді;
9.2  Кітапхана құқылы:
9.2.1 Жоғары оқу орны кітапханасының мақсаты мен міндеттеріне сай кәсіптік қызмет мазмұнын өздері анықтауға;
9.2.2  Кадр мәселесін реттеуге;
9.2.3 Ұйымдастырушылық-өкімдік құжаттар мен технологиялық нұсқаулықтарды бекітуге;
9.2.4 Кітапханадан алынған кітаптарды қайтарылуын тұрақты бақылауға алуға;
9.2.5 Кітапхананы пайдалану ережесін бұзған оқырмандарды оқырман құқығынан айыруға;
9.2.6 Сирек және бағалы құжаттарды «түнгі абонементке» алғанда және басқа да университет Кеңесі белгілеген жағдайларда қалдыратын кепіл құнын анықтауға;
9.2.7 Кітапхананы пайдалану ережесіне сәйкес оқырманның келтірген зиянының орнын толтыру мақсатындағы басылымның нарықтық құнын белгілеуге және анықтауға;
9.2.8 Оқырмандарға көрсетілетін қызмет түрін кеңейту және егер оның негізгі қызметіне кедергі келтірмейтін болса, кітапхананы әлеуметтік-шығармашылық дамыту мақсатында шаруашылық және экономикалық қызметті жүзеге асыруға;
9.2.9  Басылымдарды қолға беру мерзімін анықтауға;
9.2.10 Шетелдік, республикалық, қалалық кітапханалармен байланыс жасауға, олардан кітап алмасуға, кітапханалық және басқа да іс-шараларға қатысуға;
9.2.11  Қорды жинақтау көзін дербес анықтауға;
9.2.12  Өз қорынан қолданыстағы нормативті және құқықтық актілерге сәйкес құжаттарды есептен шығаруға.
9.3  Ғылыми кітапхана міндетті:
9.3.1  Өз қызметінде гуманистік, саяси және идеологиялық бағыт ұстануға;
9.3.2  Партиялар мен қоғамдық қозғалыстарға бейтарап көзқараста болуға;
9.3.3  Оқырманға кітапхананың барлық қорын пайдалануға мүмкіндік беруге;
9.3.4  Кітапханада оқырман жұмыс істеуге қажетті жағдай жасауға;
9.3.5  Оқырманды барлық көрсетілетін қызмет түрімен таныстыруға;
9.3.6 Өз қоры мен көрсететін қызметін насихаттауға, кітапқа деген қызығушылықты ынталандыруға, кітапханаға барлық студенттер мен қызметкерлерді тарту үшін шара қолдануға;
9.3.7  Оқырман талаптарын зерттеу және оны барынша қанағаттандыру;
9.3.8 Кітапханалық және ақпараттық қызмет көрсетуді, кітапты насихаттауды бұл мақсатта оқырмандармен жеке және жалпы жұмыстың түрлі формаларын қолдану, сондай-ақ жаңа технологияларды енгізу арқылы жетілдіруге;
9.3.9  Студенттердің кітапқа деген сүйіспеншілігін, өзіндік жетілуге, білімге, кітап оқуға қызығушылығын тудыруға;
9.3.10  Кітапханалық-библиографиялық білім негізінде әңгіме, ауызша кеңес беру арқылы оқырмандардың кітапханалық сауаттылығын, оқу мәдениетін көтеруге;
9.3.11 Өз кәсіби қызметі туралы университет Кеңесі және оқырмандар алдында есеп беруге;
9.3.12  Ұлттық мәдени байлықтың бір бөлігі болып табылатын кітап қорын сақтауға жауапты болуға, оқырмандарға берілген кітаптардың дер кезінде қайтарылуын қадағалауға, тек қолдағы қолданыс мерзімі аяқталған кітабын қайтарғаннан кейін оқырманға жаңадан кітап беруге;
9.3.13  Қолдағы кітабының қолданыс уақыты аяқталғаннан кейін оқырмандар барлық кітаптарын өткізіп, маусым-шілде айларында қайта тіркеу қағазын толтыру талап етіледі. Егер оқырман оқу жылының соңында кітапты қайтармаса, қыркүйек айында сол оқырманға қызмет көрсетілмейді.
9.4    Кітапхана қызметкері міндетті:
9.4.1 Белгіленген ҚР Білім және Ғылым министрлігі бекіткен ережелерге сәйкес кітапхана қорындағы басылымдарды сақтау, есепке алу және қордан есептен шығаруды жүзеге асыруға міндетті;
9.4.2  Бөлімдер бойынша кезекті кітап қорын тексеру барысында жоғалған басылымдарға бөлім қызметкерлері жауап береді және бөлім қызметкерлері оларды сондай немесе кітапхана құны мен мазмұны бірдей деп таныған басылымдармен алмастыруға, ал алмастыру мүмкін болмаған жағдайда – құны бірдей  кітап қорына қажетті деп танылған басылыммен толтыруы тиіс, ондай болмаған жағдайда оның айлық орташа жалақысының кем дегенде 30 пайызына дейінгі сома ұсталады.