• Kazakh
  • Russian
  • English
«Ғаламтордың ғаламаты және кесапаты» тақырыбында дөңгелек үстел

М.Өтеміов атындағы Батыс  Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасының  ұйымдастыруымен «Ғаламтордың ғаламаты және кесапаты» тақырыбында дөңгелек үстел  өтті.

Дөңгелек үстелді ұйымдастырудағы негізгі мақсат – әлемді жайлап кеткен ғаламтордың пайдасы мен зиянына баса назар аудару. Дөңгелек үстел барысында бірқатар сұрақтар көтерілді. Атап өтер болсақ, «Жастар білімді, ақпаратты кітаптан, газет-журналдардан ала ма, әлде ғаламтордан ала ма?», «Ғаламторға қадалған жастардың бетін қалай кітапқа бұра аламыз?», «Ғаламтордан алған білім және кітаптан алған білімнің айырмашылығы неде?», «Қазіргі жастардың қызығушылығын кітапқа бұру керек пе?», «Жастар қандай сайттарды көптеп пайдаланады?», «Ғаламтордағы авторлық құқық қалай қорғалады?», «Агент ауру ма, әлде әдет пе?» және тағы да басқа сұрақтар төңірегінде қызу пікірталас туды. Аталмыш шараға оқу ордамыздың  ақпараттық және білім беру технологиялары орталығының директоры Д.Ғ.Габдуллаев, баспасөз хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты Р.Б.Сұлтанғалиева, «Информатика» кафедрасының оқытушысы Ғ.Ғ.Мұқанбетова, «Кітапханатану және библиография» кафедрасының оқытушысы С.М.Сатығалиева, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бөлімінің жетекшісі Ж.К.Тастаева және университеттің магистранттары мен студенттері қатысты. Дөңгелек үстелде сөз сөйлегендер көтерілген мәселенің мән-маңызына айрықша көңіл бөліп, қазіргі таңдағы жастардың ғаламторға көптеп бет алғанын ерекше атап өтті.