• Kazakh
  • Russian
  • English
«Университет інжу-маржаны – ғылыми кітапхана»

М.Өтемісов атындағы БҚМУ ғылыми кітапханасы университеттің 80 жылдық мерейтойына орай «Университет інжу-маржаны – ғылыми кітапхана» атты кездесу кешін ұйымдастырды. Аталмыш тарихи мәні бар кездесу кешіне еңбек жолын университет кітапханасына арнаған кітапханашы мамандар, бүгінде еңбек ардагерлері, өз еңбектерінің жемісін көріп отырған зейнеткерлер шақырылды.
Олар: Сұлтанова Фаруза Ниетқызы, Яковенко Юлия Ивановна, Кисекова Сауле Сапиқызы, Герасимова Елена Георгиевна, Кененова Мәдина Жұмағалиқызы, Бурекешева Гүлжан Төлегенқызы, Абуханова Светлана Габдурахимқызы. Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында жиналған зейнеткер кітапханашылардың қуаныштарында шек болмады.
Кешті университет І проректоры Ә.С.Тасмағамбетов ашты. Ақ жол, ақ тілек айтып атқарған еңбектерінің өлшеусіз, баға жетпес мұраларды сақтай отырып, университеттің барлық қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, қиын-қыстау кезеңінде де кітапхананы сақтап, оқырмандарға қызмет көрсетудегі елеулі еңбектеріңіз ешқашанда ұмытылмайтындығын жеткізіп, денсаулық, отбасы бақытын және келе жатырған наурыз мерекелерімен ректорат атынан құттықтады.
Сөз орайы келгенде зейнеткер кітапханашылар университет кітапханасының тарихына тоқталып, қызмет еткен жылдарында атқарған қызметтері туралы баяндап берді. Бірге қызмет атқарған кітапханашы мамандарды да еске түсіріп, айтулы оқиғалардан мысал келтірді. Сондай-ақ зейнеткерлер ғылыми кітапхана ұжымына осындай кездесу кешін ұйымдастырып,  зейнеткерлерді ұмытпай шақырып, жақсы, игі іс атқарғандарына шексіз алғыстарын білдіріп, шығармашылық табыстар тіледі. Ал, жас кітапханашы мамандарға өз мамандықтарын шексіз сүйіп, еліне адал қызмет етулеріне тілектестік білдіріп ақ баталарын берді.
Зейнеткер кітапханашылардың өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметтер фотосуреттермен өрнектеліп слайд түрінде ұсынылды. Кітапхана директоры Т.Е.Алимбекерова сөз алып, үлкен ордада қызмет етіп, бар ғұмырын кітапханаға арнаған асыл жандарға үлкен алғыс білдіріп, университет 80 жылдығы қарсаңында өткізіліп отырған шараның бастамасы екендігін айта өтіп, зейнеткер кітапханашыларға зор денсаулық, ашық аспан, отбасы бақыты мен берекесін тіледі. Үлгілі іс-шаралар, кездесу кештері жалғасын табады деп сенім білдірді.
Кеш соңы жақсы әуен, естелік фото суретке түсу, шер тарқатар мерекелік дастарханмен ұласып, естелік ретінде тосын сыйлық ұсынумен жақсы әсерде аяқталды.