• Kazakh
  • Russian
  • English
Дүниежүзілік кітаптар және авторлық құқық күні

Дүниежүзілік кітаптар және авторлық құқық күніне орай М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті профессор-оқытушылары Қазақстан мен Қырғызстан Республикаларының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстаннның «Парасат», Қырғызстанның «Дәнекер» ордендерінің иегері», халықаралық Жамбыл және Ш.Айтматов атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты, композитор, жазушы, музыка зерттеушісі Илья Жақановпен және «Фолиант» баспасы өкілдерімен кездесті.

Кешке сондай-ақ, Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап кітапхана директоры Р.Ж.Исатаева, Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры З.Б.Утешева, ЖОО кітапханаларының қызметкерлері, Батыс Қазақстан облысының техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары кітапхана қызметкерлері, университеттің белсенді студенттері, университет ғылыми кітапханасының қызметкерлері қатысты.
Кездесу кешінің алғы сөзін М.Өтемісов атындағы БҚМУ ректоры, п.ғ.д., профессор А.С.Иманғалиев алды. Композитор Илья Жақановтың шығармашылығы мен өміріне кеңіңнен тоқталып, «Фолиант» баспасымен тығыз байланыс орнатып, қырым-қатынаста екендігімізді атап өтті.
Композитор, жазушы, музыка зерттеушісі Илья Жақанов Жайық өңіріндегі білім беру ордаларының ішіндегі ең ірі әрі тарихы мол білім ордасы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің шаңырағына ақ жол тілеп, Ақжайық мекенінің өнері мен мәдениетіне кеңінен тоқталды. Композитор сондай-ақ, кітаптарының «Фолиант» баспасынан басылып жарық көріп жатқандығын тілге тиек етіп, «Фолиант» баспасының соңғы озық технологиямен жабдықталғандығын, жалпы іс-қызметіне өте жақсы көзқараспен қарайтындығын айтты.
Сөз орайы келгенде «Фолиант» баспасы директорының орынбасары Тұрлынова Раушан Қапанқызы «Жоғары білім», «Кәсіптік білім» сериялары бойынша оқу әдебиеттерін даярлау және басып шығару туралы, Автор-Баспа-Оқырман қарым-қатынасы төңірегінде сөз қозғап баспаның болашақтағы жоспарымен таныстырып, іскерлік қарым-қатынасқа шақырды.
Университеттің ҒЖ және ХБ жөніндегі проректоры, т.ғ.д., профессор Ә.Қ.Мұқтар «Фолиант» баспасының ғылыми кітапханаға келіп түскен кітаптарына, оның ішінде «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген «Бабалар сөзі» кітабына тоқтала өтіп, әрі қарай баспамен тығыз байланыста жұмыстанамыз деп сенім білдірді. 
Ф.ғ.к., доцент З.Ж.Мүтиев «Көркем әдебиеттің жастарды патриоттыққа тәрбиелеудегі және тұлғаның рухани қалыптасуындағы рөлі («Фолиант» баспасы өнімдері негізінде)» атты баяндамасы ерекше әсер қалдырды. Университет ғалымдарының «Фолиант» баспасынан жарық көрген кітаптарына тоқталып, жалпы кітап баспасына талдау жасады.
Кеш барысында И.Жақанов әуенін жазған әндерді музыкалық білім беру кафедрасының оқытушылары орындап, кездесу кеші сұрақ-жауап сәтіне ұласты.
Екі күнге созылған «Фолиант» баспасының кітап көрмесімен қонақтар, оқытушылар мен студенттер қауымы танысып, қажет оқулықтарын өздеріне сатып алды.