• Kazakh
  • Russian
  • English
«Ұстаз ұлағаты» атты кездесу кеші

Университет ғылыми кітапханасында «Театрлік хореографиялық өнер және кітапханатану» кафедрасының аға оқытушысы Меретаева Балшекер Нұрғазықызының 70 жасқа толу мерейтойына арналған «Ұстаз ұлағаты» атты кездесу кеші болып өтті.
Кешті кәсіподақ комитетінің төрағасы М.О.Даупаев ашып, университет тарапынан Алғыс хатпен марапаттады.
Кәсіби біліктілігінің тереңдігімен, биік адамгершілік қасиетімен ерекшеленетін мерейтой иесін әріптестері «Театрлік хореографиялық өнер және кітапханатану» кафедрасының меңгерушісі Қ.Д.Айтқалиева, кафедраның аға оқытушылары Ы.Есенқызы, Қ.Айтбайқызы және кафедра ұжымы құттықтады.
Аға оқытушы Ы.Есенқызы Б.Нұрғазықызының өміріне тоқтала келіп, ұстаздың еңбектегі жолын ашып айтып өтті. Мерейтой иесінің өмірі мен шығармашылығы жолындағы фотосуреттерден бейне-слайд ұсынылды.
«Ұстаз бен шәкірт үндестігі». Кітапханатану кафедрасының тарихы Балшекер Нұрғазықызының өмірімен тығыз байланысты. Көптеген жылдар бойы арнайы кітапханашы мамандарын оқытып, білім берген. Осы орайда облысымызда кітапханатану саласында қызмет етіп жүрген кітапханатану ісінің бір топ мамандары сөз алып, мерейтой иесіне ақ лебіздерін білдіріп, алғыстарын жеткізді.
Көп жылдар бойы ақырын жүріп, анық басқан, ұстаз болуымен бірге сабыр мінезбен, салиқалы салмақты ақылмен тәрбиелеп, әр студенттің өмірден өз орындарын табуына септігін тигізген ұстаз, мерейтой иесі Балшекер Нұрғазықызы Меретаева кешті ұйымдастырушы кітапхана директоры Т.Е.Алимбекероваға, кафедра ұжымына, университет ректоратына алғысын жеткізіп, өз ұжымына шығармашылық табыстар тілеп, университеттің 80 жылдығымен құттықтады.
Кеш соңында ғылыми кітапхана ұжымы да өз лебіздерін білдіріп, сыйлыққа кітап пен гүл шоғын ұсынды. Мерейтойлық кездесу барысында ән-шашу ұсынылды.