• Kazakh
  • Russian
  • English
«Әлемнің шапағатнұрлы адамдары» тұсаукесері

Ғылыми кітапханада «Әлемнің шапағатнұрлы адамдары» атты ақпараттық-танымдық, әдістемелік жинақ кітаптың тұсаукесер рәсімі болып өтті.


«ТаугулПринт» баспасынан Қазақстан Республикасы  Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Әлемнің шапағатнұрлы адамдары» атты жинақ кітаптың тұсаукесер рәсіміне БҚМУ оқытушылары мен студенттері, баспасөз басылымдарының өкілдері, БҚО білім басқармасының өкілі мен облыстағы ұстаздар қауымы қатысты.
Жастардың дүниетанымын толықтыру бағытында жасалған «Әлемнің шапағатнұрлы адамдары», «Одаренные люди земли» атты екі тілде жазылған ақпараттық-танымдық, әдістемелік жинақты құрастырушылар облыс мектептерінде көптеген жылдар бойы қызмет еткен, 1968 жылы А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының  тарих-филология факультетін тәмамдаған Миуа Ғалымқызы Наурызғалиева мен университет түлегі, мәдениет және өнер факультетін үздік дипломмен тәмамдаған Гаухар Амангелдіқызы Капушова.
Алғы сөзді п.ғ.к., БҚМУ тәрбие ісі және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Т.М.Даришева алды. Автор М.Ғ. Наурызғалиеваны жарық көрген кітабымен құттықтап, еңбегіне зор табыстар тіледі. Жаңа кітаптар кітапхана сөресінен табылсын деген ізгі ниет білдірді.
«Жаңа кітап – жан азығы» атты баяндамасымен облыстық «Жайық ұстазы» газетінің редакторы Ақмаржан Бақытқызы Таубаева, сөз алып, кітаптың тарауларына талдау жасап, ақпараттық-танымдық жинақ кітаптың берері мол екендігін барша тыңдаушы қауымға баяндап берді.
Кеш барысында жинақта топтастырылған Ерназар Қисахметовтың «Азаттық» өлеңін 02202-топ студенті Әмірәшев Нұркен орындаса, 02105-топ студенті Лесов Наурызбек Қ.М. Тарыбаевтың «Қорқыт баба» өлеңін оқыды. Ал, Махамбеттің күйі «Қайран Нарынды» БҚМУ оқытушысы Асқар Құсайынов орындап берді.
БҚО Білім басқармасының әдіскері Нұржан Жұмабекұлы Сәбитов «Ілгілік ілімі – болашаққа қорған» тақырыбындағы мәліметінде атаулы іс-шараның мән-жайын, жинақ кітаптың әдістемелік құрал ретінде қолдануға болатындығын айтып, авторға шығармашылық табыстар тіледі. Сөз орайы келгенде тұсаукесер рәсімінің құрметті қонақтары сөз алып, авторға өз лебіздері мен ниеттерін білдіріп жатты.
Кеш соңында сөз алған құрастырушы автор Миуа Ғалымқызы Наурызғалиева кітаптың қандай мақсатпен жазылғандығын, берері мол дүние екендігін баса айтып, кітаптың соңында электронды нұсқасымен қатар, музыкалық шығармалардың жиынтығы бар екендігін көрсеттіп және шара қонақтарына, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.