• Kazakh
  • Russian
  • English
М.В. Чечетконың мерейтойына арналған кеш болып өтті

Ғылыми кітапхананың ғалымдар залында еңбек ардагері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Чечетко Маргарита Владимировнаның 60 жылдық мерейтойына арналған мерейтойлық кеш болып өтті. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 80 жылдығымен тұспа-тұс келген ұстаз мерейтойының кешін ғылыми кітапхана ұйымдастырып, 1-курс магистранттары қатысты.
Чечетко Маргарита Владимировна – Саратов педагогикалық институтының түлегі, М.В.Ломоносов атындағы ММУ-де Джейн Остен шығармашылығы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғаған.
1964 жылдан бастап, 2012 жылға дейін М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың аударма және шет тілдерін оқытудың теориясы мен практикасы кафедрасында оқытушылық қызметін абыроймен атқарып келеді.
Шынайы ғылыммен айналысқан Маргарита Владимировна, шетел әдебиетін зерттейтін кандидаттық және магистрлік диссертацияларды қорғаған Г.Нургалиева, А.Е.Габдешева, Е.А.Дроздова және т.б. көптеген жас зерттеушілерді дайындады.
Шет тілдерді оқытудағы драмалық жанрдың қолданылуын зерттей отырып, «Вещие сестры» (1989 – 1994 жж.) және «Эхо» (1998 ж.) неміс театрларына жетекшілік етті. Алыс және таяу шет елдері мен Қазақстан Республикасының ғылыми-зерттеу орталықтарымен, көптеген ЖОО-мен байланыс орнатып, педагогикалық іс-қызметпен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен үнемі айналысты.
Маргарита Владимировна үлкен талант иесі, көрнекті ғалым, педагог және әдебиеттанушы, қоғам қайраткері, қарапайым да шындықты айтатын жетекші, адамдарға жылы қабақ танытып жүрген үлкен жан-жүректі ғалым. Осы уақыт аралығында салмақты тұрпатымен болашақтың кілтін ұстанған талай өз ізбасарларын, жоғары білікті ғалым мамандарды тәрбиеледі. Міне, осындай басты адамгершілік қасиетімен қатар, биік сипаттағы профессионалдық біліктілігімен бізге үлгі болмақ.
Ф.ғ.к., доцент Маргарита Владимировнаға магистранттар тарапынан: «Сіздің Владимир Высоцкимен таныс болғаныңыз шын ба?», «Студенттік жылдарыңызда поэзиямен айналыстыңыз ба?», «Қай поэзиялық шығармаңызды жатқа айта аласыз?» сынды сұрақтар қойылып, тұщымды жауаптар алынды.
Тарих мамандығының магистранты Нығмет Айбек «A tutor appreciation song: You have made a difference» атты музыкалық шығарманы ұсынып, 1 курс магистранттары атынан Қанатов Ильдар, Килишева Нұргүлдер ғалым-ұстаздың көп жылдық жемісті еңбегіне алғыс айтып, шығармашылық табыстар тіледі.
Арнайы кездесу кешіне ғалым ұстаздың ғылыми еңбектері, марапаттары, шәкірттерінің магистрлік диссертациялары және тағы басқа жетістіктерін ашып көрсеткен «Личность. Педагог. Ученый» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.