• Kazakh
  • Russian
  • English
«Даnа.kaz» журналының тұсаукесері

14 желтоқсан күні Ғылыми кітапхана  БҚМУ мәжіліс залында «Даnа.kaz» журналының тұсаукесерін өткізді. Жиынға журналдың бас редакторы Қазбек Құттымұратұлы, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Әбіл Жоламанов, «Жайық-Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин, БҚМУ қызметкерлері, оқытушылар мен студенттер, магистранттар және студенттер қатысты.
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында тұсауын кесіп отырған «Даnа.kaz» журналының алғашқы санының жарыққа шығуы бұл мейраммен тұспа-тұс келуі тегін емес. Желтоқсан – қазақ халқы үшін ерекше қастерлі ай. Осыдан 95 жыл бұрын  дәл осы желтоқсан  айында Алашорда автономиясы құрылған, 1986 жылы қазақ жастары қылышынан қан тамған кеңестің өктемдігіне  қарсы шығып, қанға боялып еді. 1991 жылдың желтоқсан айында ата-бабамыз сан ғасыр армандаған тәуелсіздікке қол  жеткіздік.
«Дана.kaz» журналын құрастырушылардың қатарында Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының директоры  Құжырғали Төлеуішев, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының директоры  Мұрат Сыдықов, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры  Әбіл Жоламанов, сондай-ақ М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің тарих ғылымдарының кандидаты  Жаңабек Жақсығалиев бар. Қазбек Құттымұратұлы: «Дана халық » деген ұғым бар. Бұрын  ұлтымыздың ауыз әдебиеті өте жақсы дамыған болатын.  Аңыз-әңгіме, жыр-дастан, салт-дәстүр, ән мен күй, жалпы айтқанда, барлық рухани  байлық атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа ауызша беріліп отырған. Журнал атауы - «Дана» сөзі – данышпан, ақылгөй дегенді білдіреді. Сондықтан «Дана» журналының оқырмандары журналдағы барлық рухани тәрбиені бойларына сіңірсе» деген ниетін білдірді.
Журналдың негізгі мақсаты – жұртшылыққа білім, ғылым, кәсіп игеруді үйрету, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Журналдын алғашқы басылымы  ХХ ғасырдың басында қараңғы қазақ көгіне күн болуға ұмтылған Алаш  арыстаны Жаһанша Досмұхамедұлының өмір жолы және 1940-1941 жылдары  Батыс Қазақстан облысында  астыртын жұмыс жасаған «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» және оның көшбасшысы Ғұбайдолла Әнесов  туралы деректемелер берілген.
«Жайық-Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин бабаларымыз аманаттап кеткен кең байтақ  жер ата-ағаларымыздың қан мен тері, көз жасы арқылы келгендігін ұғындырып, еліміздің басты байлығы – татулық, бірлік, ынтымақ екендігін түсіндіру жолында журналдың атқарар қызметі, рөлі туралы айтып өтті.
Кеш соңында педагогика ғылымдарының докторы, профессор А.С. Қыдыршаев пен ғылыми кітапхана директоры Т.Е. Алимбекерова сөз сөйлеп, «Дана.kaz» журналының редакторларына және  ақылдастар алқасына алғыстарын білдірді. Ғылыми кітапхана қоры журналдың 10 данасымен  және Халықаралық көптілді білім беру орталығы 10 данасымен толықтырылды.

Ғылыми кітапхана